Тоқаев Денсаулық сақтау министрін қабылдады

Президент Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Ақмарал Әлназарова мемлекет басшысына денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен алдағы кезеңге арналған перспективті міндеттері жөнінде баяндады. Әлназарова өткен жылы елімізде өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткенін айтты.

«Бұл – әлемдік орташа деңгейден жоғары көрсеткіш. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы өлім-жітім 3 пайызға төмендеді. Былтыр алғаш рет ана мен бала өлімі ең аз көлемде тіркелді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігін арттыру, «Қолжетімді емхана» тұжырымдамасын жүзеге асыру, халықтың скринингтен өтуін жеңілдету бойынша мәлімет берді», деді министр.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету және оның айналымын бақылауды күшейту шаралары жүргізіліп жатыр екен. 2024 жылмен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы республикада – 19 пайызға, ауылдарда – 16 пайызға және орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 7 пайызға азайғаү.

Министр Тоқаевқа медицина қызметкерлерін қорғау шаралары жөнінде ақпарат берді. Бұл орайда заңнаманы қатаңдатуға, дәрігерлерге шабуыл жасалған жағдайда жедел көмек көрсетуге ден қойылмақ. Министрліктің мәліметінше, келесі жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы 1 миллион адам медициналық сақтандырумен қамтылады.

Мемлекет басшысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді ету, аса маңызды дәрі-дәрмектердің отандық өндірісін дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Ақорда министр Тоқаев Басшы

Тақырыпқа жаңалықтар