Тоқаев: «Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ тілінің қолданыс аясы ешқандай әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп, барша отандастарымызды біріктіретін негізгі факторға айналды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ана тіліміздің ұлттық мәдениет пен болмысты танытудағы маңызына ерекше тоқталды.
«Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әсіресе жастардың қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлейтінін атап өтті.