Қазақстан жаңалықтары8 наурыз 2026, 9:18

Тоқаев қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Arbat.Media.

“Қымбатты ханымдар! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы тамаша мейрам – барша нәзік жандылар қауымына арналған ерекше сезім мен зор құрметтің жарқын көрінісі. Әйел – көңілге шаттық сыйлап, шабытқа қанат бітіретін көркемдік пен сұлулықтың символы, жасампаздық пен жаңашылдықтың қайнар көзі. Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі әйел затынан бастау алады.

Әйелдің жаны нәзік болса да, болмысы – мықты. Олар кез келген қиындықты еңсеріп, әрдайым даналық пен даралықтың, шыдамдылық пен батылдықтың, сенімділік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Әрбір әйелдің өмірге нәр беретін, әлемге жарық сыйлайтын, жоқтан бар жасайтын, тіпті, жауласқанды татуластырып, бейбітшілікке шақыратын ғажап қасиеті бар. Әйел табиғатының басты құпиясы мен сыры да – осында”, – делінген құттықтауда.

Тоқаев "Әйел – ұлттың жаны" десе, артық болмайтынын айтып, әйел берген тәлім-тәрбие арқылы ұрпақтың дүниетанымы қалыптасады, жастар әдептілік, отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіретінін мәлімдеді.

Мереке Наурыз Тоқаев Құттықтау
20 сәуір 2026 Қазақстан жаңалықтары
Бүгін, 9:38 Қазақстан жаңалықтары
Кеше, 14:43 Қазақстан жаңалықтары
20 сәуір 2026 Қазақстан жаңалықтары

Тақырыпқа жаңалықтар