Зауыттағы жарылыстан зардап шеккен тағы бір жұмысшы ауруханада көз жұмды
"Қазцинк" қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына өтемақы төлейді, деп хабарлайды Arbat.Media.
"Қазцинк" өз міндеттемелеріне сәйкес жерлеу рәсімін ұйымдастыруды, отбасыларға заңмен белгіленген сақтандыру төлемдерінен басқа қаржылық қолдау көрсетуді жалғастырады, сондай-ақ балаларын Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқыту ақысын төлейді.
Жедел штабтың мәліметінше, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру үшін отбасыларға әрқайсысына 3 миллион теңгеден қаражат аударылған.
Сонымен қатар компания ұжымдық шартқа сәйкес материалдық және моральдық зиянның өтемі ретінде он жылдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлеу туралы шешім қабылдаған.
"Қазцинк" зауытындағы жарылыстан қаза тапқандар саны үшеу болды. 1980 жылы туған ер адам ауыр жарақат салдарынан қайтыс болды. Оның денесінің 90%-ын күйік шалған екен. Дәрігерлер 8 мамыр күні оның есін білетінін айтқан еді.
Қазір тергеу жалғасып жатыр.