Қазақстан жаңалықтары18 мамыр 2024, 14:00

Зорлық-зомбылыққа араша түспеген адам жазалана ма?

Заңгер Бауыржан Сералин зорлық-зомбылық жағдайына куә болып, бірақ жәбірлеушіге араша түспеген азаматтардың іс-әрекетіне құқықтық баға берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бүгін Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінде ер кісінің әйелді аяусыз ұрып-соққанын көре тұра екі адамның араша түспегенін жазғанбыз. Осы оқиғаны мысалға ала отырып танымал заңгер Бауыржан Сералиннен зорлық-зомбылықты тоқтатпаған адамдарға заң жүзінде қандай жауапкершілік бар екенін сұрадық, - деп жазады Kazinform агенттігі.

- Болып жатқан төбелеске қарап, оларды ажыратпаған адамдарды сол үшін құқықтық жауапкершілікке тартуға негіз жоқ. Бұл адамдар өздері құқыққа қарсы әрекет немесе әрекетсіздік жасап тұрған жоқ.

Ажыратуға міндеттеу заңнамамен бекітілмеген, өйткені бұл басқа адамдарға да қауіп-қатер әкелуі мүмкін.

Ал егер төбелес ауыр қылмысқа айналып бара жатса, осындай қылмыс туралы хабарлау міндеті бар. ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабына сәйкес қылмыс туралы хабарламау үшін қылмыстық жауапкершлік көзделген.

Алайда бұл міндет кез-келген қызметке қатысты емес, тек дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi:

* кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы ауыр қылмыс,* аса ауыр қылмыс (мысалы адам өлтіру),* терроризм актісі туралы хабарламау үшін қалмыстық жаза тағайындалады, - деп түсіндірді заңгер.

Сонымен қатар Бауыржан Сералин зорлық көрген адамға араша түсу құқықтық емес, адамгершілік міндет екенін атап өтті.

- Жалпы араша түсу құқықтық емес, адамгершілік моральдық міндет, ол әр адамның өз өмірлік қағидасына байланысты. Адамсүйгіштік (гуманизм) принципіне негізделіп, қолдан келгенше көз алдыңызда қылмыс жасалуына жол бермеуге тырысқан жөн. Әрине, ең бірінші, өз қауіпсіздігіңізді ұмытпау керек. Тіпті күш салып араласпасаңыз да, жоқ дегенде телефонды алып 102-ге хабарласып болып жатқан жағдай туралы айтуға болады, болмаса видеоға түсіріп алу - кейін дәлеледемелер үшін қажет болуы мүмкін. Қалай болғанда да осы шаралар, үндемей ештеңе көрмегендей болып жасалып жатқан қиянаттың қасынан өтіп кеткеннен артық болар, - деді заңгер.

зорлық-зомбылық араша түсу жазалану Бауыржан Сералин

Тақырыпқа жаңалықтар