Спорт11 наурыз 2024, 19:10

Айбек Оралбай Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін бірінші болып шаршы алаңға шыққан Айбек Оралбай ширек финалда АҚШ боксшысы Джамар Тэллиді ұтып, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Бұл Италия шаршы алаңындағы қазақ боксшыларының алғашқы жеңіп алған жолдамасы. Ал жалпы қазақ боксшыларынан ерлер арасындағы екінші жолдама. Осыған дейін бокстан Парижге жолдама ерлер арасында +92 кг салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаевтың қолында ғана болған. Ол Олимпиада жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын.

Енді Астана уақытымен 19:30 шамасында 75 келі салмақта әйелдер арасында Валентина Хальзова Ұлыбритания боксшысы Кинди Нгамбамен Олимпиада жолдамасын сарапқа салады.

Ал кешкі сессияда 50 келіде Алуа Балқыбекова Германия боксшысы Макси Карина Клоетзермен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек уақыты 23:00-ге жоспарланған.

Ал 51 келіде Сәкен Бибосынов ұлыбританиялық Киаран Макдональдпен 00:00 уақыт мөлшерінде шаршы алаңға шығады. Сәкен Бибосыновтың қарсыласы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері,

57 келі салмақта сынға түсіп жатқан жерлесіміз Сабырхан Махмұд тәжікстандық 2011 жылы Астана төрінде өткен жасөспірімдердің әлем чемпионатында топ жарған және 2011 жылы әлемде ең мықты жасөспірім атағын жеңіп алды Асрор Вохидовпен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек 00:30 шамасына жоспарланған.

Сабырхан Махмұдтан кейін іле-шала 71 келі салмақтағы отандасымыз Асланбек Шымбергенов Әзербайжан боксшысы Вархан Алиевпен күш сынасады. Оның қарсыласы 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Сонымен қатар 80 келі салмақтағы жерлесіміз Нұрбек Оралбай Астана уақытымен 01:30 шамасында 2021 жылғы әлем чемпионатының ширек финалисі, Еуропа ойындарының күміс жүлдегері Ирландия боксшысы Келин Кассидимен Олимпиада жолдамасын сарапқа салмақ.

Айбек Оралбай Олимпиада жолдама

Тақырыпқа жаңалықтар