Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай ел қоржынына тағы екі жолдама салды
Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде ел қоржынына тағы екі жолдама түсті. Оның бірін — ерлер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асыланбек Шымбергенов жеңіп алса, екіншісін — Нұрбек Оралбай қанжығасына байлады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Шымбергенов ширек финалда 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әзербайжан боксшысы Вархан Алиевпен жұдырықтасып, қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, лицензияға ие болды. Осылайша бірінші рет Олимпиада ойындарында бақ сынамақ.
80 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралбай ширек финалда Ирландия боксшысы Келин Кассидиді 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Ерлер арасында ширек финалған шыққан бес боксшымыздың бесеуі де Париж Олимпиадасының жолдамасын қанжығасына байлады.
Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі).
Жалпы Италиядағы лицензиялық турнирге ерлер арасында алты боксшы аттанған болатын.
Арасынан тек 63,5 келідегі боксшымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/16 финалда Еуропа чемпионы Радослав Росеновтан жеңіліп қалды.
Бокстан ерлер құрамасы аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевты қоса есептегенде жалпы 6 жолдамаға қол жеткізді.
Қоңқабаев Олимпиада жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын.