Елена Рыбакина Майами турнирінің ширек финалына шықты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты. Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 18-ракеткасы, 2017 жылғы АҚШ чемпионатының финалисі, америкалық Мэдисон Кизбен шеберлік байқасты, - деп хабарлайды Arbat.media.
М.Киз Е.Рыбакина үшін қолайсыз қарсылас деуге болады. Осыған дейін үш рет кездессе, соның екеуінде америкалық спортшы жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:3 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды – 5:3. Сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Екінші сетте Елена брейкпен алға шықты – 3:1. Дегенмен Киз қалыспады – 3:3. Есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші тағы бір брейкке қол жеткізді. Сосын матчты эйспен түйіндеді – 7:5.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 5 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Киз 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен таласады. Оның төртінші айналымдағы қарсыласы, ресейлік Анна Калинская матчқа қатысудан бас тартты. Сөйтіп М.Саккари ойнамастан ширек финалға жолдама алды.