Карлос Алькарас — Ролан Гаррос турнирінің чемпионы
Испаниялық теннисші, әлемнің 3-ракеткасы, 21 жастағы Карлос Алькарас алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің чемпионы атанды. Испаниялық спортшы аса тартысты матчта әлемнің 4-ракеткасы, германиялық Александр Зверевті ұтты – 6:3, 2:6, 5:7, 6:1, 6:2, - деп хабарлайды Arbat.media.
Төрт сағат 19 минутқа созылған бәсеке барысында К.Алькарас 3 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың 9-ын пайдаланды. А.Зверев 8 эйс, 6 брейкпен (23 брейк-пойнт) көзге түсті, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Осы додада 2019 жылғы финалда бір сетте 6:1 есебі тіркеліп, ол атақты испаниялық, Ролан Гаррос турнирінің 14 дүркін чемпионы Рафаэль Надальдың еншісіне жазылған еді. К.Алькарас сол есепті (6:1) қайталады.
Осыған дейін К.Алькарас 2022 жылы US Open, өткен жылы Уимблдонда үздік шықса, енді оған Australian Open жарысының чемпиондық атағы ғана жетпей тұр. Сонымен қатар испаниялық спортшы түрлі төсеніштегі үш бірдей «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанған ең жас теннисші болды.
Биылғы Франция ашық чемпионатының бір ерекшелігі, ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық, өткен жылғы жеңімпаз Новак Джокович жарақатына байланысты матчқа қатысудан бас тартқандықтан, алдағы дүйсенбіде жаңартылатын дүниежүзілік рейтингіде италиялық Янник Синнер алғаш рет көш бастайды. Я.Синнерді жартылай финалда К.Алькарас жолдан тайдырды – 2:6, 6:3, 3:6, 6:4, 6:3.
Карлос Алькарас әлемдік рейтингіде 2-орынға көтеріліп, Н.Джокович 3-сатыға сырғиды.