Қазақстан құрамасының капитаны екінші жеңісіне қол жеткізді
Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов екінші рет жеңіске жетті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Ол аталған әлемдік турнирдің 1/16 финалында (71 кг) польшалық Дамиан Дуркачті жеңді. Осылайша аталған турнирдің 1/8 финалына жолдама алды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ерлер арасында 63,5 келідегі ел намысын қорғап жатқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/16 финалда Еуропа чемпионы Радослав Росеновтан жеңіліп қалды.
Сонымен қатар бүгін 54 келі салмақта Жайна Шекербекова іріктеу кезеңінің алғашқы айқасында 1/16 финалда Нигерия өкілі Шукура Каримге есе жіберіп, жарысты аяқтаса, 60 келіде жұдырықтасқан Римма Волосенко төртінші жекпе-жегінде, яғни ширек финалда Словакия спортшысы Мирослава Жединаковаға төрешілер шешімімен есе жіберіп, лицензиядан құр қалды.
Ал, ерлер арасында бірінші рет Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жеңіліс тапты.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан турнир 3 наурызда басталған болатын. Жарыс 12 наурыз күні мәресіне жетеді. Аталған турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынып жатыр. Қазақстан құрамасынан ерлерден 6, әйелдерден 5 боксшы жолдамаға таласып жатыр.