The Ring орта салмақтағы кәсіпқой боксшылар рейтингін жариялады
Үздіктер көшін Жәнібек Әлімханұлы бастап тұр. 15 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетіп, 10 қарсыласын есінен тандырған 30 жастағы қазақтың ұлы қазіргі кезде WBO мен IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Qazaq Style деген жанама есімді таңдаған қандасымызды доминикандық Карлос Адамес пен кубалық Эрисланди Лара өкшелеп келеді.
Екеуі де өте қарулы жігіттер: Адамес (23 жеңіс, 18 нокаут, 1 жеңіліс) – WBC-тың уақытша чемпионы, Лара (29 жеңіс, 17 нокаут, 3 жеңіліс, 3 тең есеп) – WBA-ның тұрақты чемпионы.
Төртінші сатыға Ұлыбританияның марқасқасы Крис Юбэнк (33 жеңіс, 24 нокаут, 3 жеңіліс) жайғасты.
Үздік бестікті Мейірім Нұрсұлтанов түйіндеп тұр. Жәнібекпен түйдей құрдас Семей өңірінің тумасы 19 рет рингке көтеріліп, барлық бәсекеде басымдық танытты. 10 айқасты мерзімінен бұрын аяқтады. Мейірімнің чемпиондық тәж үшін таласатын уақыты келді. Осы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында Нұрсұлтанов сондай мүмкіндікке ие болуға тиіс.