Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты
Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 30 қараша күні сағат 05:33-те Әди Шәріпов көшесіндегі өрт туралы хабарлама түсті. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде келді.
«Келген бойда 1 қабаты және жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы – 30 шаршы метр. Қабылданған шаралармен өрт 06:22-де жойылды», - деп хабарлады департаменттен.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес өртті барлау және сөндіру барысында 13 адамның денесі табылды. Қазір олардың кім екені анықталып жатыр.
Олар көміртегі тотығынан уланып қайтыс болған.
Зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газына улану диагнозы қойылды.
«Оның жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты деп бағаланып отыр. Екінші науқас барлық тексеруден кейін ұсыныстармен амбулаторлық емделуге жіберілді», - деп хабарлады ведомстводан.
Дәрігерлердің айтуынша, барлық зардап шеккен адамға толық көлемде қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілетін болады.
Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.
«Қазір 56 адам жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Ыстық тамақ берілді, қажетті медициналық және психологиялық көмек толық көлемде көрсетіледі. Бір сағат ішінде ауданның қонақ үйлеріне орналастырылады», – деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Өртке оранған хостелден эвакуацияланған адамдардың басым бөлігі шетел азаматтары.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, эвакуацияланған адамдардың көбі шетелдіктер.
«Хостел әкімшілігінің сөзінше, өз бетімен сыртқа шыққан адамдардың дені Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан елдерінің азаматтары. Араларында қазақстандықтар да бар. Қаза тапқандардың кім екені анықталып жатыр»,- деді ол.
Сонымен қатар департамент басшысы өртке оранған хостелдің ашылғанына бір жарым ай болғанын мәлім етті.
«Үш қабатты ғимараттың жертөлесінен хостел ашқан. Бұл, негізі, заңға қайшы. Себебі жертөле адам тұруға арналмаған. Қанша жерден жабдықталса да»,- деді Нұрлан Атығаев.
Астанадан ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов ұшып шықты.
Өрт шыққан хостелде студенттер мен жалдамалы жұмысшылар тұрған. Бұл туралы Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаев мәлім етті.
«Жатақханада тұрғандардың дені — студенттер мен жас жұмысшылар. Пәкістан мен Үндістаннан келген медицина университетінің студенттері де бар», — деді аудан әкімі.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себебін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ Алматы әкімдігінің өкілдері кірді.
Комиссия төрағасы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов оқиға орнына шұғыл аттанды.
Үкіметтік комиссия өрт салдарынан болған қайғылы жағдайдың себептерін жан-жақты тексеру жұмыстарына дереу кірісіп, зардап шеккендерге бірінші кезектегі көмек көрсетеді.
Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, Әди Шәріпов көшесінде «Almaty Hostel» Халық банкіне тиесілі ғимаратта орналасқан.
«Хостел бір жарым ай бұрын ашылған, ғимарат Халық банкке тиесілі. Банк оны кепілмүлік ретінде жалға берген. Қызыл жалын 30 шаршы метрді шарпыған. Бұл хостел Алматы қаласының жоғары оқу орындарымен студенттерді орналастыру үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған жоқ», - деп хабарлады әкімдіктен.
Оқиға орнында Алматы әкімі Ерболат Досаев, Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жүр.
Almaty Hostel деп аталатын жатақхана терезелері жоқ жертөледе жасақталған. 2Gis электронды анықтамалық сервисіне орналастырылған мәліметке сүйенсек, хостелде тұру бір орынға 2000 теңгеден басталады, орындар саны — 100-ге дейін.