Қазақстан жаңалықтары26 қазан 2023, 12:00

Елімізде отандық кинолар апталығы өтеді

Елімізде отандық кинолар апталығы өтеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Республика күніне орай отандық телеарналардың эфирінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өмірі туралы Ақан Сатаевтың «Боксер» спорт драмасы, қазіргі қазақ ауылының бейнесін көрсететін Серік Апрымовтың «Ауыл» авторлық киносы, інжіл сюжеті мен әйгілі алматылық апорттар тоғысқан Асқар Ұзабаевтың «Адам және алма» мелодрамасы, Серікбол Өтепбергеновтың «Патриоттар уақыты» атты ауқымды экшн-фильмі, қазақ даласының әйгілі әйелдері туралы «Еуразия патшайымдары» деректі фильмі мен АҚШ-тағы фестивальдарда жүлде алған «Көше ақыны» қысқаметражды фильмінің тұсаукесері өтеді.

Жалпы 23-29 қазан аралығында отандық телеарналар соңғы бірнеше жылда мемлекеттің қолдауымен түсірілген 15 толықметражды, деректі және қысқаметражды фильмді көрсетеді.

Қазақстандық кино апталығының өткізу бастамасын Qazaqstan, «Хабар», «Жетінші арна» және «31» медиа холдингі қолдап отыр.

«Отандық киноөндірісті дамыту және ұлттық фильмдерді танымал ету бағытындағы жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Фильмдеріміздің қалың көрерменге қолжетімді болуы – біз үшін маңызды. Әсіресе, Республика күні мерекесінде бүкіл отбасымен жиналып, теледидардан отандық киноны тамашалағанға не жетсін», - деді ҰКҚМО басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

 

отандық кино апталық

Тақырыпқа жаңалықтар