Қазақстан жаңалықтары12 маусым 2024, 14:34

Емшіден қорлық көрген оқушы туралы белгілі болды

Шымкентте асырап алған өгей әкесінен қорлық көрген жасөспірім туралы №2 қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығының директоры айтып берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Шымкенттегі аталған орталықтың басшысы Лаура Боранбаеваның айтуынша, 2008 жылы дүниеге келген жасөспірім орталық тәрбиесінде болған кезде өте ақкөңіл және ондағы қызметкерлер тарапынан ешқандай шағым түспеген тәрбиелі бала болған, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Ұл баланың алғашында қамқорлыққа, кейін сот шешімімен асырап алған ата-анасы туралы пікірі оң болған. Бұл отбасыға өз қалауымен барған екен.

«Мен бұл қызметке жаңадан келгенмін. Бұл оқиғаның барлығы маған дейін болған. Әріптестерімнің айтуы бойынша бала туралы ешқандай шағым айтылмаған. Өз еркімен, өз таңдауымен сол ата-ананың қарауына өткен», - деді ол.

Қазіргі таңда 16 жастағы бала жасөспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырылыпты. Онымен психолог мамандары тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр.

«Бізде тәрбиеленген баладан бөлек тағы бір бала жас ерекшеліктеріне байланысты сол бейімдеу орталығына орналастырылды. Олардың жағдайы бірқалыпты. Үнемі байланыстамыз. Бүгін ғана тағы хабарласып, олардың жағдайын, бізге беріле ме, жоқ па соны сұрадым. Әрине, оны сот шешеді. Оған дейін менің әріптестерім, психолог мамандарымыз онда бірнеше рет барып, балалардың өздерімен сөйлесті. Мұндай ситуацияға тап болған балаларды біз әрқашан қолдау керекпіз. Олар жалғыз емес екенін, қоғам қолдау білдіретінін ұқтыра білуіміз керек», - деді балалар үйінің басшысы Лаура Боранбаева.

Лаура Жарылқапқызының сөзінше, жасөспірім мамандарға балалар үйіне қайтып оралғысы келетінін айтыпты.

«Нақты мынандай деп кесіп айта алмаймын. Әрине, бала ғой. Бірақ біздің мамандарға солай айтқан екен. Бірақ менің білуімше, ол өзін асырап алған ата-анасын жақсы көрген. Меніңше, онымен жан-жақты жұмыс жүргізу керек сияқты», - деді ол.

Балалар үйі басшысының сөзінше, асырап алған өгей әке тарапынан жауыздық көрді деген балалар туралы бірінші болып өздері дабыл қаққан. Емші мен оның әйелі сот шешімімен асырап алған балалардың үлкені оларға хабарласып, араша сұраған.

«Бала біздегі апайына, менің орынбасарыма хабарласып, болған жайтты айтқан. Нақты күні есімде жоқ, бірақ биыл ақпан айының басында дүйсенбі күні болатын. Менің орынбасарымда алғашында сенімсіздік болыпты. Бала болған соң әртүрлі жағдай болады. Оның үстіне ол бұл отбасына барғанына бірнеше жыл өткен. Екінші рет хабарласқанында күдік ұялап, дереу мектебіне хабарлаған. Ондағылар «Барлығы жақсы, жағдай қалыпты» деп жауап қатқан. Кейін жасөспірім қайта хабарласқанда біз білім басқармасы мен Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкіліне хабар бердік. Сонда барып тексеріп, шын мәнінде не боп жатқанын анықтауды сұрадық. Біз баланың тағдыры жауаптымыз. Ол мейлі біздің балалар үйінің тәрбиеленушісі болсын немесе басқа жақтан келсін. Осылайша дабыл қақтық», - деді балалар үйінің басшысы.

Бұған дейін Шымкентте жергілікті емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз. Кейінірек емші туралы тың дерек шықты.

Емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар балалардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

 

Балалар үйінің басшысы емші қорлық Балалар

Тақырыпқа жаңалықтар