Placeholder
Фото: Александр Павский/Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары16 қыркүйек 2024, 11:00

Kitap Fest: 50-ге жуық кітаптың тұсауы кесілді

14-15 қыркүйекте Алматыдағы Арбат алаңы әркім іздегенін тапқан нағыз кітап патшалығына айналды. Алматы мәдениет басқармасы және қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен «BAURZHAN Foundation» қоры ұйымдастырған Kitap Fest Almaty кітап фестивалі өзінің он жылдығын атап өткізілді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Фестиваль қала күні қарсаңында мегаполистің ең ірі мәдени іс-шараларының біріне айналды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

2014 жылы бастау алған фестиваль бүгінде әдеби мәдениетті насихаттаудың бірегей платформасы ретінде танылған және бұл дәстүрден биыл да жаңылған жоқ.

Биылғы ерекшелігі — фестиваль 10 жылда алғаш рет екі күн қатарынан өтті. «Келешек кітабы» ұранымен өтіп жатқан мерейтойлық фестиваль келушілерге түрлі бағдарламалар ұсынды.

Фестивальдің негізін қалаушы Жұлдыз Омарбектің айтуынша, Kitap Fest Almaty кітапқа деген сүйіспеншіліктің символына айналды.

— Кітап — ұлт руханиятын дамытып, жас буынды ізгілікке тәрбиелеуде аса маңызды рөлге ие. Kitap Fest-тің басқа фестивальдерден айырмашылығы неде? Біріншіден, Kitap Fest — Қазақстандағы жалғыз кітап фестивалі. Екіншіден, бұл жай ғана кітап жәрмеңкесі емес, біз мәдениетті және оқуға деген сүйіспеншілікті насихаттаймыз. Әрбір кітаптың өз оқырманы бар. Сол сияқты әр жазушының да өз аудиториясы бар. Жобаның мақсаты оқырман мәдениетін дамытып, жазушылар мен оқырманға кездесу алаңын ұйымдастыру, — дейді ол.

Фестивальге 70-тен астам кітап дүкені мен баспалар қатысты және 50-ге жуық жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

Аталмыш шараға шетелдік қонақтар да қатысты. Түркия елшілігінің өкілі Айхан Коркмаз мұндай іс-шаралар арқылы мәдени тәжірибе алмасу және халықаралық байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталды.

«Фестивальдің 10 жылдығы өте керемет өтіп жатыр! Мұндай шаралар қоғам үшін әсіресе жастар үшін өте маңызды. Біздің мақсат — екі ел арасындағы терең, тарихи және бауырластық байланысты көрсету. Фестивальмен әрі қарай да ынтымақтастығымызды арттырамыз деген үміттемін, — деді Түркия елшілігінің өкілі.

 

 

Kitap Fest 50-ге жуық кітап тұсаукесер

Тақырыпқа жаңалықтар