Қазақстан жаңалықтары25 маусым 2024, 11:00

Павлодардың сусыз қалу оқиғасына байланысты тергеу жүріп жатыр

Өңірлік атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті облыс орталығының басым бөлігін ауызсусыз қалдырған апаттық жағдай бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Павлодар қаласының басшысы Хасар Хабылбеков хабарлады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

21 маусым күні таңғы уақытта «Павлодар Водоканал» ЖШС-нің балансындағы сорғы стансасынан ақау шығып, Павлодар қаласында су беру жұмыстары шектелген еді. Қаланың басым бөлігінде бір тәулікке жақын уақыт су болмады.

«Апат болған күні тәулік бойы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қалаға су беріліп жатыр. Қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраймын. Павлодар облысы атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті аталған оқиға бойынша тергеу жүргізеді»,– деп мәлімдеді қала әкімі Хасар Хабылбеков.

«Павлодар Водоканал» ЖШС-нің басшылығы да апаттық жағдайға байланысты тұтынушылардан кешірім сұрады. Компания есептегіш құрал орнатылмаған пәтер иелерінен апат күні үшін төлем алынбайтынын, ал егер маусым айы үшін төлем кешіктіріліп жатса өсімпұл алынбайтынын ескертті.

павлодар сусыз қалу Тергеу

Тақырыпқа жаңалықтар