Қазақстан жаңалықтары3 сәуір 2024, 14:57

Судья Бишімбаевтың қорғаушысына ескерту жасады

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сот отырысы бастала сала, Бишімбаевтың қорғаушылары БАҚ пен әлеуметтік желіде қылмыстық істің материалдары жарияланып жатқанына шағымданып, соттан шара қолдануды сұрады. Бірақ мемлекеттік айыптаушы сот отырысы тікелей эфирде өтіп жатқанын, сондықтан бұл арыз негізсіз екенін айтты. Тіпті, судья қорғаушыларға ескерту жасады. Олар сотты және процеске қатысушыларды адастырды деп танылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.

Бишімбаевтың қорғаушылары сот ісінен оқиға орнынан кейбір фотосуреттерді көрсету туралы өтініш жасаған болатын. Қорғаушы бұл фотоларды сотқа қатысушылардың барлығына көрсетті. Десе де, зардап шеккен тараптың адвокаты Бишімбаевтың адвокаттары сот процесінде қолданған фотосуреттер 2024 жылдың 28 наурызында түсірілгенін, оқиғаның өзі 2023 жылдың 9 қарашасында болғанына назар аударды.

«Сіз суреттерді қылмыс болған жерді тексеру актісінен алынғанын айтып, сотты және процестің басқа қатысушыларын адастырдыңыз. Іс жүзінде сіз басқа фотосуретті көрсеттіңіз. Сотты адастырғаныңыз үшін сот іс бойынша түпкілікті шешім шығарған кезде тиісті шараларды қабылдайды», - деді судья Айжан Құлбаева.

2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.

1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.

27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті. 29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті.

1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

Сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.

Бишімбаев сот судья ескерту

Тақырыпқа жаңалықтар