Қазақстан жаңалықтары1 шілде 2024, 13:00

ШЫҰ «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істейді

Астана саммитінен бастап, Шанхай ынтымақтастық ұйымы толыққанды «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істейді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Өз басым Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ерекше қарым-қатынаста болғанымнан бастайын. 1996 жылы сәуірде оның құрылуына, келіссөздерге және құжаттарды дайындауға қатысуға мүмкіндігім болды. «Шанхай бестігі» құрылуының бастауынан-ақ өзінің өршілдігін көрсетті және бүгінгі күнге дейін сақталып отырған негізгі мақсаты – сенім шараларын арттыру төңірегінде қалыптасты. Осы жылдың 3 шілдесінде, ширек ғасырдан сәл астам уақыттан кейін Шанхайлық үлкен отбасының жиыны Қазақстанға оралуы өте символикалық мәнге ие. Осы жылдар ішінде «Шанхай бестігінің» құрамы екі есеге ұлғайып, Астанадағы саммиттен бастап Ұйым толыққанды «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істей бастайды», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға төрағалық аса маңызды әрі сонымен бірге өте жауапты миссия екенін ерекше атап өтті.

«Ұйымның негізін қалаушылардың бірі және көпжақты диалогты дамытудың белсенді қолдаушысы ретінде Қазақстан Ұйымды өзінің теңгерімді сыртқы саясатындағы тұрақты басымдық ретінде қарастырады. Төрағалығымыздың қағидаттары мен кең ауқымды күн тәртібін әзірлеу кезінде де дәл осы уәждер басшылыққа алынды. Біздің күш-жігеріміз қауіпсіздік мәселелерін шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, экологияны қорғауға жәрдемдесуге және халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталатын болады», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің атап өтуінше, Ұйымның ірі халықаралық және өңірлік құрылымдармен байланысын кеңейту арқылы оның халықаралық беделін одан әрі нығайту маңызды міндет саналады. Қазірдің өзінде 150-ден астам іс-шара өткізілді: Нью-Йорктен Бейжіңге, Найробиден Мәскеуге дейін. Осылайша, ШЫҰ серіктестерінің аясы кеңейіп, құқықтық база бірқатар құжатпен толығады.

«Төрағалығымыздың шарықтау шегі Астанадағы саммит болады, оған біз баса көңіл бөлеміз. Біз ШЫҰ-ны одан әрі жетілдіру саласында стратегиялық маңызды шешімдер қабылданады деп күтеміз. Орта мерзімді келешекке арналған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалып, ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерге барабар және уақтылы ден қою үшін бастамалар әзірленетін болады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ШЫҰ-ға мүше барлық мемлекетке Қазақстан төрағалығының бастамаларын қолдағаны, ұсыныстарымызбен ниеттестіктері және біз ұсынған басымдықтар аясындағы бірлескен жұмысы үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Саммиттің қорытынды шешімдерінде «Шанхай рухының» іргелі қағидаттары – өзара сенім, достық, өзара тиімділік және бір-бірінің мүдделерін ескеру толық қамтылады деп күтеміз», - деді Президент.

Астана саммиті Шанхай ондығы формат ШЫҰ

Тақырыпқа жаңалықтар