Қазақстан жаңалықтары3 қараша 2023, 14:45

Түркі мемлекеттері қай салаларда бірлескен жұмыс жүргізеді

ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 2024 жылы Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығында қай салалардағы ынтымақтастыққа көңіл бөлінетінін айтып берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Бүгін Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағалығын қабылдайды. Біздің басымдықтарымыз өзара түсіністікті нығайтуға және бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне шығаруға бағытталады. Онында ТМҰ саммиті дәстүрлерді, бірігуді, реформаларды, білімді, сенімді, инвестицияларды, делдалдықты және энергияны бейнелейтін «TURKTIME» ұранымен өтеді. Біз сондай-ақ Қазақстан төрағалығының 2023-2024 жылдарға арналған тұжырымдамалық құжатын дайындадық», - деді М. Нұртілеу Түркі мемлекеттері Ұйымының Сыртқы істер миинстрлері кеңесінде.

Қазақстан барлық мүше мемлекеттердің тарихи байланыстарды нығайтуға және өңірлік және континенттік интеграцияға жәрдемдесуге белсенді қатысуына сенеді.

«Біздің елдеріміздің ТМҰ шеңберіндегі саяси және экономикалық ынтымақтастығында жаңа белестерге қол жеткізуге барлық мүмкіндіктері бар. Қазіргі уақытта біз көлік пен логистикадан климатқа, ақпараттық технологияларға және туризмге дейінгі көптеген салаларда перспективалы мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Мен түркі ынтымақтастығының дәстүрлі рухында осы бағыттарды зерттеу бойынша бірлескен жұмысымызды асыға күтемін», - деді Мұрат Нұртілеу.

Саяси байланыстардан бөлек, сауда-экономикалық қатынастар әрқашан ТМҰ мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың берік негізі болды және болып қала береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ТМҰ елдері арасындағы тауар айналымы 13 миллиард долларға (+38,4%) жеткен.

«Бұл қуатты динамика сақталған және биылғы жылдың алғашқы сегіз айында өзара тауар айналымымыз 8 миллиард доллардан асты. Біздің көзқарасымыз бойынша, жаңадан құрылған Түркі инвестициялық қоры тиімді тетік ретінде өңірішілік сауданы дамытып, экономикалық белсенділікті ынталандырады. Әсіресе өршіл инфрақұрылымдық және көліктік жобалар аясында өңірішілік ынтымақтастықты одан әрі күшейту үшін әлі де пайдаланылмаған әлеует бар. Қытай мен Еуропа арасында Орталық Азия мен Кавказ арқылы жаңа, тиімдірек және тұрақты көлік маршруттары қалыптасуда. Қазіргі уақытта Қазақстан мен оның халықаралық серіктестері Транскаспий халықаралық көлік маршрутындағы кедергілерді жоюға басымдық береді», - деді Сыртқы істер министрі.

Оған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай елімізде 100 мың жоғары дәрежелі IT-мамандарын даярлау және Орталық Азияны трансконтиненталды цифрлық орталық ретінде орналастыруды тапсырған еді.

«Біздің еліміз Қазақстанның ТМҰ-ғатөрағалығы шеңберінде озық банктік экожүйелерді, электрондық коммерция платформаларын және электрондық үкімет инфрақұрылымын құрудағы өз тәжірибесімен бөлісуге дайын. Осыған байланысты "Astana Hub" халықаралық технопаркі біздің елдеріміз арасындағы сарапшылар мен бизнес-қоғамдастықтың ынтымақтастығына жәрдемдесуде шешуші рөл атқара алар еді. Ақпараттық технологиялар саласы үшін тиісті ТМҰ құжатын қабылдау біздің өзара мүдделерімізге сай келетініне сенімдімін», - деді М. Нұртілеу.

Сөз соңында министр ТМҰ елдерін климаттың өзгеруіне қарсы күресте, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықта, ғылым, спорт, туризм, білім және мәдениет сияқты салаларда өз әлеуетін толық пайдалануға шақырды.

Бұған дейін Мұрат Нұртілеу Израиль-Палестина қақтығысындағы Қазақстан ұстанымын айтқан еді.

 

Түркі мемлекеттері ынтымақтастық бірлескен жұмыс интеграция

Тақырыпқа жаңалықтар