Бар өртеніп, 27 адам қаза тапты

13 шілде 2026 12:23 / Мир

Таиланд астанасы Бангкокте орналасқан ойын-сауық орындарының бірінде жойқын өрт шығып, кемінде 27 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға 13 шілдеге қараған түні Чатучак ауданындағы танымал барда болған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Билік өкілдерінің мәліметінше, қаза тапқандардың басым бөлігі жалыннан емес, ғимарат ішін лезде басқан қою түтінге уланып көз жұмған. Көптеген адам ғимараттың артқы бөлігіндегі дәретхана маңында қалып қойғаны хабарланды.

Соңғы мәлімет бойынша, тағы 63 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Олардың 22-сінің жағдайы ауыр, зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілген.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, өрт сахна маңындағы электр қалқанынан шыққан түтіннен басталған. Көп ұзамай электр жарығы сөніп, жарылыс болып, жалын бүкіл ғимаратқа өте жылдам таралған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды шамамен жарты сағат ішінде толық ауыздықтады.

Оқиға орнына Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракул мен Бангкок губернаторы барып, қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Қазір өрттің нақты шығу себебі мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар кеңінен тарады. Кадрлардан бардан қою қара түтін мен жалынның лап қойғаны, адамдардың жанұшыра сыртқа қашып шыққаны көрінеді. Бұл соңғы жылдары Таиландтағы ең ірі әрі адам шығыны көп өрттердің бірі ретінде бағаланып отыр.

Серіктес жаңалықтары