Мысырда жанармай таситын көлік аударылып, 31 адам көз жұмды

26 қараша 2026 11:27 / Мир

Мысыр астанасы Каир қаласының айналма жолында жанармай таситын көлік аударылып, арты ірі өртке ұласты. Салдарынан кемінде 31 адам қаза тауып, тағы 21 адам жарақат алды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қайғылы оқиға 25 қарашада Гиза провинциясының Эль-Варрак ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, мұнай өнімдерін тасымалдаған жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, бетон қоршауға соғылған. Соққыдан кейін көлік аударылып, өртеніп кеткен. Жалын жақын маңдағы өзге көліктерге де тез таралған.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жеткен. Құтқару жұмыстарына 39 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Мысырдың денсаулық сақтау министрі Халед Абдель Гаффар апат болған аймаққа жақын орналасқан ауруханалардың дайындығын күшейтуді тапсырды.

Өрт салдарынан жиырмадан астам автокөлік пен мотоцикл жанып кеткен.

Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ал ел прокуратурасы марқұмдардың жеке басын анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Мысырдың Денсаулық сақтау министрлігі қаза тапқандар саны туралы мәліметтің өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары