Ерлі-зайыпты несиесін жабу үшін сәбиін сатпақ болған
Өзбекстанның Ферғана қаласында өздерінің жаңа туған сәбиін сатпақ болған ерлі-зайыпты бес жылға бас бостандығынан айырылды,деп хабарлайды Arbat.Media.
Тергеу мәліметінше, олар бұл қадамға қаржылық қиындықтар мен жиналған несиелерін өтеу үшін барған.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам мен әйел 2024 жылы танысып, туыстарының келісімінсіз діни некеге тұрған. Кейін олардың бір ұлы дүниеге келген. Алайда уақыт өте келе отбасында жанжалдар жиілеп, қаржылық қиындықтар күшейген. Ерлі-зайыптылардың екеуінің де қарызы болғандықтан, олар баланы сату туралы шешім қабылдаған.
Сотта әйел бұл шешімге тұрмыстық қиындықтар әсер еткенін айтқан. Оның сөзінше, әкесімен болған жанжалдан кейін сәбиімен бірге үйден кетуге мәжбүр болған. Осы кезде бір әйел баланы басқа отбасыға беруді ұсынып, кейін ол үшін ақша төлеуге дайын екенін жеткізген. Әйел бұл ұсынысты күйеуіне айтқанда, бастапқыда ол қарсы болғанымен, кейін екеуі келісімге келген.
Айыпталушының айтуынша, олар саудадан түсетін ақшамен шамамен 6 миллион сум көлеміндегі несиесін өтеуді жоспарлаған. Сондай-ақ күйеуінің де қарыздары болған. Қалған қаражатқа шетелге барып жұмыс істеп, баспана салуды және кәсібіне инвестиция құюды көздегенін айтқан.