Әділетхан Молдахан сотта кінәсін толық мойындады

1 маусым 2026 18:21 / Новости Казахстана

Алмалы аудандық сотында «көрінеу жалған ақпарат таратты» деп айыпталған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды. Ол өзіне тағылған айыппен толық келісті, деп хабарлайды Arbat.Media.

Іс бойынша жәбірленушілер – Алматы қалалық полициясы басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басшысы Серік Шұмаев. Ұзабаевтың адвокаты айыпталушыдан 10 млн теңге моральдық және 1 млн теңге сот шығынын өндіруді талап етіп отыр.

Молдаханның қорғаушылары оны үйқамаққа шығаруды және медиациялық келісімге келуді сұраған. Алайда судья Ерлан Қасымбек үйқамақтан бас тартып, процессуалдық келісім мәселесін прокуратураның қарауына жолдады.

Еске салсақ, блогер Әл-Фараби даңғылындағы атышулы жол апатына шенеуніктердің балалары кінәлі болуы мүмкін екенін және заңсыз түнгі жарыстарды полицейлер жасырып отырғанын айтқан еді. Осы мәлімдемесі үшін ол наурызда қамауға алынған. Келесі сот отырысы 16 маусымда өтеді.

Серіктес жаңалықтары