Алдамақ болған алаяқтар нөмірден қателескен
Ақмолалық тұрғынды алдамақ болған алаяқтардың әрекеті іске аспады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Polisia.kz ақпар таратты.
Көкшетаудың 63 жастағы әйел полицияға арызбен жүгінді. Оның телефонына, содан кейін WhatsApp месенджері арқылы өзін полиция қызметкерлері деп таныстырған белгісіз адамдардан екі қоңырау түскен.
Алаяқтардың айтуынша, "өтініш берушінің ұлы көлігімен жаяу жүргіншіні қағып кеткен". Ұлының "қабырғасы сынғанын, жаяу жүргінші ауыр жағдайда" деп, 300 мың теңге талап еткен.
Әйел мұндай сома жоқ екенін, бірақ 200 мың теңге аударуға дайын екенін айтқан. Алаяқтар ақша жіберу қажет нөмірді көрсеткен. Бірақ олар қателесіп, нөмірдің соңғы екі санын дұрыс көрсетпеген.
Әйел терминалдан ақша аударып барып қана ұлына оның жағдайын білуге қоңырау шалған.
Полицияға жүгініп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізгеннен кейін қызметкерлер ақшаның Алматы қаласының 31 жастағы тұрғынына жіберілгенін анықталды. Жағдайды түсіндіргеннен кейін ол ақшаны заңды иесіне қайтарып берді.