Алматы маңында мектептен өрт шықты
Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан білім ордасынан өрт шықты. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Төтенше жағдай Қарасай ауданының құрамына кіретін Жамбыл ауылындағы № 2 орта мектепте болған.
Аталмыш жағдайға байланысты Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.
Департамент мәліметінше, мектепте өрт шығуына диспенсер тоғының тұтануы себеп болған.
— 2024 жылы 17 мамыр күні Қаскелең қаласының 101 желісіне Жамбыл ауылындағы мектептен өрт шыққаны туралы хабар түсті. Төтенше жағдайға байланысты дереу Алматы облысы ТЖД күш-құралдары жіберілді. Оқиға орнына келгеннен кейін № 57 кабинеттің 3-қабатында 2 шаршы метр алаңда су диспенсерінің жанғаны анықталды. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінен 22 қызметкер мен 9 техника, Алматы қаласынан 5 қызметкер мен 1 техника жұмылдырылды, — деп хабарлады Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметінен.