Астанада қарияны алдап, пәтерін иемденген алаяқ ұсталды
Астанада 87 жастағы қарияны алдап, пәтерін сатып, 39 миллион теңгесін иемденген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Телефон арқылы хабарласқан адамдар өздерін ІІМ мен Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, «құпия операция жүргізіп жатырмыз» деп сендірген және бұл туралы ешкімге айтпауын сұраған. Қарт азамат олардың сөзіне сеніп, риэлторлық компания арқылы пәтерін сатып, 39 миллион теңгені курьерге «қауіпсіз шотқа аудару үшін» берген. Алайда полицейлер күдіктіні — Алматы облысының 23 жастағы тұрғынын тез арада анықтап, ұстаған. Оның жанынан барлық ақша табылып, иесіне толық қайтарылды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Астанада интернет-алаяқтықтың үш мыңнан астам дерегі тіркелген. Ең жиі жәбірленушілер — 50 жастан асқан адамдар.