Энергетикалық сусындардың зардабы жайлы

23 ақпан 2024 17:00 / Новости Казахстана

Бұрын маскүнемдікті қоғамның дерті санасақ, қазір жастар үйір болып жүрген энергетикалық сусындардың зардабы одан кем түспейді. Бұл – саламатты ұлт қалыптастыруға мүмкіндік бермейтін жағдай, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Энергетикалық сусындардың сатылымына да белгілі бір деңгейде шектеу енгізілсе дейсің. Қатаң бақыламасақ та, мұндай сусындарды балалардың сатып алуына заңмен жол бермеуге болады ғой. Шетелден келетін тауарлардың сапасын, құндылығын, құрамын үнемі бақылап отыру қиын. Бірінің зиянды қоспалары екіншісінен көбірек болса ше? Біле алмайсың. Білген­нің өзінде сергіткіш қасиеті бар өнімнің денсаулыққа зияны болмаса, пайдасы бар дегенге еш ғылыми негіз жоқ.

Балалардың зиянды заттарға жуымауын мектепте мұғалім, үйде ата-ана қадағалады делік. 

Жақында дәрігер танысымыздың сабақта алаңсыз отырған 16 жастағы ұлы жүрек талмасымен құлады. Абырой болғанда қасынан алғашқы көмек көр­сететін адам табыла кетіп, жедел жәр­дем қызметі уақтылы келген. Содан жасөспірім аман қалып, толық емделіп шықты. Кейінірек сұрастырсам, бала осыған дейін ешқандай созылмалы ауру­­мен есепте тұрмаған. Әке-шешесі жағынан тұқым қуалайтын аса қауіпті ауруға шалдыққандар жоқ. Бір кемшілігі, энергетикалық сусындарды жиі пайдаланады екен. Мұндай жайттарды тізіп шығар болсақ, жетіп артылады. Өкініштісі, осындайда дәрігерлер де сыр­қат­тың нақты неден туындағанын дәп басып, шорт кесіп байлам жасай алмайды.

Америкалық педиатрия академиясы энергетикалық сусындардың жүрек-қан тамырларына, жүйке жүйесіне зия­нын ескеріп, жасөспірімдердің пайдаланбауына кеңес береді. Ол аз десеңіз, Мэриленд штатындағы университеттің ғалымдары энергетикалық сусындарды үнемі пайдаланатын жастар мен есірткі пайдаланатындардың арасында байланыс барын анықтаған.

Кейінгі жылдары бірқатар мемлекет, әсіресе Ресей мен АҚШ-та сергіткіш сусындарды көп мөлшерде пайдаланудың салдарынан студенттердің мезгілсіз қазаға ұшырауы жиілеген.

2010 жылдың желтоқсанынан АҚШ-тың кейбір штаттары құрамында кофеині бар энергетикалық сусындарды түгел дүкен сөрелерінен алып, сатуға тыйым салды.

Еуропаның бірнеше елінде энергетикалық сусындарды тасымалдауға, сатуға шектеу қойылған. 2018 жылы Ресейдің кейбір облыстары энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу туралы заң қабылдады. Заң талаптарын бұзған азаматтарға тағайындалған айыппұлдың көлемі де әжептәуір. Жеке басының тыныштығын ойлаған кәсіпкерлер қомақты айыппұл төлегеннен заңды сақ­тауға тырысатыны анық.

Көрші Өзбек­станда да 2018 жылдан бастап энер­гетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға және жарнамалауға қатаң тыйым салынған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қарашасында Үкіметке елімізде кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу мәселесін қарастыруды тапсырған. Әзірге біз энер­гетикалық сусындарға қатысты талаптар күшейіп, балалардың болашағына алаңдап отырған ата-аналардың көптен күткен шешімі қабылданар деп үміттеніп отырмыз.

 

Серіктес жаңалықтары