Мектеп формасын кимеген оқушының ата-анасына айыппұл салынады
Мектеп формасына қойылатын талаптарға сай келмейтін киіммен келген оқушыны мектепке кіргізбей қоюға болмайды. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Вице-министрдің айтуынша, «Білім туралы» заңға сәйкес оқушыны оқу процесінен шеттетуге жол берілмейді. Әрбір бала сапалы білім алуға құқылы.
«Сондықтан оқушы мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін киіммен келсе де, оны мектепке кіргізбеуге болмайды», – деді Шынар Ақпарова.
Сонымен қатар ата-аналар баласының білім беру ұйымы бекіткен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауын қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл талаптар «Білім туралы» заңның 47 және 49-баптарында белгіленген. Заңнамаға сәйкес, мектеп формасына қойылатын талаптарды орындамаған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Атап айтқанда, мұндай жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге. Осылайша, айыппұл көлемі 21 625 теңгені құрайды.