Министрлік тікұшақ апатынан қаза тапқан офицердің аты-жөнін атады

9 қараша 2024 23:44 / Новости Казахстана
ото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Ақтөбедегі тікұшақ апатынан қаза тапқан және зардап шеккендердің аты-жөндерін атады. Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы «ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітірген. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биылғы жылдың көктемінде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталған. Үйленген, артында екі баласы қалды.

— Апатты жағдайдағы қону кезінде зардап шеккен әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы аға лейтенант Рүстем Нығметов қазір облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр. Оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, — деп қосты ведомство баспасөз қызметі.

Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетілу үстінде.

Еске салсақ, бүгін Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында тікұшақ апатқа ұшырып, жанып кетті.

Бортта үш адам болған. Оның біреуі оқиға орнында көз жұмды.

Екі науқасты күйік шалған. Олар Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханада ем қабылдап жатыр. Әзірге науқастардың аты-жөні белгісіз.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жасап, тікұшақ апатының алдын ала себебін айтқан болатын.

Сонымен қатар, тікұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының әкімдігі тікұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек көрсететінін мәлім етті.

Серіктес жаңалықтары