«Қара маскадағы» жігіт ауыр дертке шалдыққан бозбалаға пәтер мен еміне қаражат берді
Әлеуметтік желіде 19 жастағы Әлішер есімді жігіттің жан тебірентер видеосы тарады. Ауыр дертке шалдыққан жас жігіт «Маскадағы адамнан» көмек сұрап, өмір үшін күрестегі соңғы үмітін жеткізді, деп хабарлайды Arbat.Media Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеп.
«Дәрігерлер менің жағдайым өте ауыр екенін айтты. Осы қалпымда жүрсем, бірнеше аптадан не бірнеше айдан кейін өмірім үзілуі мүмкін деді. “Маскадағы адам”, өтінемін, маған көмектесіңізші», — дейді ол бейнежазбада.
Әлішердің жанайқайына бей-жай қарамаған «Маскадағы адам» ауруханаға арнайы барып, күтпеген сый жасады.
Жігіттің айтуынша, ол төрт жылдан бері бауырдың қатерлі ісігімен (карцинома) күресіп келеді. Қазір аурудың үшінші сатысында, бауырында тромб пайда болған. Әкесінен айырылған соң отбасы жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.
«Дәл қазір бауырымды ауыстыру керек. Беларусь елінде операция жасатуға мүмкіндік бар, бірақ оған 80 миллион теңге қажет. Сол қаражатты жинап жатырмыз», — дейді Әлішер.
«Маскадағы адам» жас жігіттен ең үлкен арманы не екенін сұрағанда, ол ауыр күрсініп:
«Тек жазылып кетсем деймін. Кейде өзімнен сұраймын — осы уақытқа дейін босқа шыдадым ба?» — дейді Әлішер.
Осы сәтте бейтаныс мейірімді жан Әлішерге үлкен сый дайындағанын жеткізді.
«Бүгіннен бастап Алла сізге жаңа өмір сыйласа екен деп тілеймін. Мына конверттің ішінде еміңізге қажет толық қаражат бар. Ал мына кілт — өз пәтеріңіздің кілті. Бұл жаңа өмірдің бастамасы болсын», — деді ол.
Күтпеген сыйлыққа сенер-сенбесін білмей, көзіне жас алған Әлішер қайырымды азаматқа шексіз алғысын білдірді.