Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылады
Президент Жолдауында газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажеттігін айтты. «Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырамын. Бұл — басты міндет», — деді Мемлекет басшысы. Елімізде 2016 жылдан бері Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Қашаған кен орны игеріліп жатыр. Біріншіден, бұл — Қазақстанның тарихында тұңғыш рет су астынан «қара алтын» өндіру кезеңіне бетбұрыс жасаған қадам. Екіншіден, бұл — Солтүстік Каспий жобасындағы қолға алынған алғашқы ірі жоба. Аталған жобада Қайраң және Ақтоты атауы берілген тағы екі кен орны бар, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ал Қашаған әлемде соңғы 20 жылда ашылған санаулы әрі ауқымды кен орындарының қатарына кіреді, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Мамандардың есептеуінше, мұнайдың өндірілетін қоры — шамамен 9-13 млрд баррель. Бұл — шамамен 1-2 млрд тонна.
Мұнда газдың қоры да көп. Теңіз түбіндегі газ қоры 1 трлн текше метрге жетеді. Осындай орасан мол қоры бар кен орны 2000 жылы ашылды. Алайда Қашағаннан коммерциялық мұнай алу ісі 2016 жылға дейін басталған жоқ. Дегенмен кен орнынан мұнай өндіру кезеңінің 16 жылға кешігуінің бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Каспий теңізінің төріндегі Қашаған кен орны Атырау қаласынан 80 шақырым қашықта орналасқан. Мол мұнай мен газды кешенді дайындау жүргізілетін «Болашақ» қондырғысына құбырмен жеткізу аралығы бұдан да қашықтау.
Екіншіден, жаһан назары ауған кеніштің коллекторы су астында 3-4 метр, ал теңіз түбінен 4 200 метрден астам тереңдікте жатыр. Үшіншіден, кен орнынан мұнаймен бірге алынатын күкірттің үлесі де аз емес.
Соңғы бір-екі жылда Қашаған кен орнынан мұнаймен бірге өндірілетін газды өңдеу мәселесі қозғалды. Осыған байланысты Атырау облысында жаңа зауыт құрылысы қолға алынды.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсановтың мәліметінше, қазір газ өңдеу зауытының құрылысы жоспарланған кестеге сәйкес жүріп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға 1 000-нан аса жұмысшы тартылған. Құрылыс жұмыстарына 150-ге жуық арнайы техника бөлініп отыр.
Рауыт құрылысының алаңында қада қағу жұмысы аяқталды. Енді ғимараттар мен технологиялық құрылымдардың іргетас бөлігін бетондау жүргізіліп жатыр. Технологиялық жабдықтарды орнату және технологиялық құрылымдардың металл құрылғыларын монтаждау басталды.
Жаңа зауыттың алаңында 320 орындық вахталық қалашық пен кіреберіс теміржолдың құрылысы қолға алынған. Құрылыстың тоқтаусыз жүруі үшін автомобиль және теміржол, сондай-ақ су құбыры мен электр желілері тартылды.
«Елімізде алғаш рет әсіресе, дәл осы нысанда қалдық газдардың түтінсіз және дыбыссыз шығуын қамтамасыз ететін жабық типтегі алау технологиясы пайдаланылады. Бұл діңгек түріндегі алауға қарағанда жағу өнімдерін көбірек түрлендіруге ықпал етеді», — дейді Мейірбек Ихсанов.
Қашаған газын өңдейтін жобаны «GPC Investment» ЖШС іске асырып жатыр.
Серіктестік басшысының міндетін атқарушы Берік Әбішевтің дерегіне қарағанда, зауытта жылына 1 млрд текше метр шикі газды өңдеу көзделген.
«Бұл — еліміздегі ауқымды инвестициялық жоба. Жаңа зауыттан өңдеу үдерісінен соң жылына 727 млн текше метр тауарлы газ алынады. Бұған қоса, 218 мың тонна тауарлы күкірт, 17 мың тонна газ конденсаты, сұйытылған газ шығарылады. Қазір зауытқа қажетті инфрақұрылым дайын тұр. „Қашаған“ кен орнынан жеткізілген газдан бірнеше тауарлы өнім алынатын зауыт 2026 жылдың ортасында іске қосылады», — дейді Берік Әбішев.
Атырау облысындағы бұл жобаның өндірістік қана емес, өзге де маңызы барын айтқан жөн. Алдымен мұнайлы өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына тигізер ықпалы зор.
Мамандардың айтуына қарағанда, біріншіден, зауыт құрылысы аяқталғанға дейін жұмысшылардың саны 2 500-ге дейін көбеюі мүмкін. Ал іске қосылғаннан кейін 500-ден аса адам тұрақты жұмысқа тартылады.
Екіншіден, зауытқа озық технологиялар әкелінеді. Мәселен, BASF және Dow Chemical секілді танымал компаниялардың озық технологияларын орнату жоспарланған.
Үшіншіден, адамзатты толғандырып отырған қоршаған ортаны қорғау мәселесіне назар аударылғалы отыр. Сол себептен, құрылыс кезеңінде де, одан кейін пайдалануға берілген соң да зиянды зат шығарындылары, қалдықтардың мөлшері санитарлық нормаға сәйкес келетін рұқсат етілген мәндер шегінде болады.
Құрылыс құнына әсер ететініне қарамастан, атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту мақсатында ең озық технологияларды пайдалану туралы шешім қабылданған.
Мәселен, атмосфераға күкіртті ангидрид секілді зиянды газ таралуының алдын алуға мүмкіндік беретін «SCOT „технологиясы қолданылады. Сондаы-ақ, орнатылатын жабық алау қондырғысының корпусы шудан, желден, жылу радиациясынан, көрінетін оттан қорғауға арналған.
Тағы бір мәселе — газ өңдеу зауытына пайдаланылатын су жайы. Зауыт салынып жатқан Мақат ауданының аумағында ашық су айдыны жоқ. Сондықтан су қолданыстағы «Астрахан-Маңғышлақ» құбырынан алынады.
Тұтыну мөлшерін үнемдеу үшін зауытта пайдаланылған суды тазалаудан кейін қайта қолдану жоспары бар. Осыған байланысты жер астынан кәріздік желі салынады.
Өндірістік-жаңбыр кәріздерінің коллекторлары бойынша барлық өндірістік және жаңбыр ағыны жабық түрдегі сақтау резервуарына түседі. Сақтау резервуарынан сорғылар арқылы өндірістік-жаңбыр ағынын тазарту блогына беріледі.
Тазалаудан өткізілген соң қажетті сапаға дейін жеткізілген өндірістік-жаңбыр ағыны кәсіпорынның өндірістік сумен жабдықтау жүйесіне қайта пайдалану үшін жіберіледі.