Қазақстан-Иран президенттері кездесті
Қазақстан мен Иран арасындағы биылғы 10 айда көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 40%-ға артты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан келіссөз жүргізді.
«Қазақстан мен Иран арасында сындарлы саяси диалог қалыптасқан, үкіметтеріміз бірлесіп жұмыс істейді. Өзара уағдаластықтарымыз орындалуда, парламентаралық байланыс та нығайып келеді. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс жылдан жылға күшейіп келеді. Биылғы 10 айда көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артты. Бұл – әрине, өте жақсы жетістік», – деді Президент.
Сондай-ақ осы қарқынды тоқтатпай, өзара сауда көлемін ұлғайта түсу қажет екенін атап өтті.
«Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын.Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс атқаруда. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын», – деді Иран Президенті.