«Реал Мадридтің» желідегі парақшасында Алматы туралы видео 20 млн-нан астам қаралым жинады
"Реал Мадридтің" желідегі парақшасында жарияланған Алматы туралы видео 20 млн-нан астам қаралым жинады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Қайрат" пен "Реал" ойыны алдында Испанияның әйгілі командасы өзінің Instagram желісіндегі парақшасында Алматы қаласы туралы екі видео жариялаған.
Қаланың көрікті жерлері түсірілген екі видео бірнеше күнде 20 млн-нан астам қаралым жинап үлгерген. Сонымен қатар 100 мыңнан аса адам пікір қалдырған.
Видеолардан Алматының басты нышандары – Панфиловшылар саябағындағы Вознесенск соборы, өнер қайраткерлерінің ескерткіштері және "Көк Төбе" панорамалық саябағынан қалаға әдемі көріністі байқауға болады.
Сондай-ақ қолына домбыра ұстап, әуендетіп тұрған қазақтың қара домалақ азаматы мен құстардың ерекше үні де кадрға ілінген.
Ал қазақстандық жанкүйерлер елімізді танымал футбол командасының желідегі парақшасынан көреміз деп ойламағанын мойындайды.