Жаңа Салық кодексінде көпшіліктің тілегі ескеріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің қаржы жүйесін дамыту бойынша бірқатар тапсырма мен міндеттерді жүктеген еді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Айталық, Президент жаңа Салық кодексінің сапалы әзірленуі үшін оның қабылдау мерзімін келесі жылға дейін ұзартты. Әлбетте, бұл мәселеде қоғамның, оның ішінде іскер ортаның тілегі мен бюджеттің ерекшеліктері ескеріліп, салмақты әрі байыпты шешім қабылдануы қажет.
Жасыратыны жоқ, осы заңды дайындау барысында салық режімдері жайлы көп сұрақ туандады. Қазір арнайы салық режімі аясында 2 млн-ға жуық кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. Оңтайландырылған деклорацияны 1 млн 900 мыңдай адам таңдаған. Ал бөлшек салық жүйесі арқылы 30 мыңдай адам өз кәсібін ілгерілетіп келеді. Әрине бұл режімдердің пайдасы бар. Бірақ осы арқылы салық төлеуден жалтарып жүргендер де кездеседі. Мысалы, кейбір ірі компаниялар өздерінің маңайына жүздеген жеке кәсіпкерді шоғырландырып, осылайша шығыстарын арттырумен бірге салық міндеттемесін азайтудың амалын қарастырып жүр.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, арнайы салық режімдері жеке тұлғаларға арналып, бағытталуы тиіс. Сол себепті аталған заңды қайта қарастырып, пысықтайтын боламыз. Біздің мақсатымыз – салық түсімдерін ұлғайту, сол арқылы экономикалық өсімге жол ашу.
Бұдан бөлек Жолдауда қарыздары бар кәсіпкерлердің шоттарын бірден бұғаттамау жөнінде де айтылды. Рас, қазір қарыз мөлшері 6 АЕК-тен асатын болса, онда есепшот бұғатталады. Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл талап, шекті қою мөлшері қайта қаралатын болады. Айталық, берешек деңгейі 20-25 АЕК-тен асып жатса да біз оның шотын бұғаттамай тек қана хабарлама жіберу арқылы бақылау жүргізу тетігін енгізуді көздеп отырмыз. Әйтсе де жіберілген хабарламалар мен тиісті ескертулер еленбей, қарыз мөлшері ұлғая берсе, сонда ғана нақты шаралар қабылданатын болады. Тұтастай алғанда, бақылау жүйесінен бірте-бірте арылып, сервистік қызметтерге басымдық беруді жоспарлап отырмыз.
Ержан БІРЖАНОВ,
ҚР Қаржы вице-министрі