Әкімнің ұлы анасын ұрғаны үшін сотталды

23 қыркүйек 2024 16:51 / Новости Казахстана
Фото: pixabay.com

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы сотында 78 жастағы кейуананы ұрып-соққан ер адамға қатысты іс қаралды. Бұрынғы қала әкімінің ұлы қарт анасына қол көтергені үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары айыпталушы 1946 жылы туған анасына қасақана дене жарақатын салғаны, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені және дәрменсіз күйде болған қарияға қатысты қылмыс жасағаны үшін ҚК 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша айып тақты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ер адам үйінде отырып, анасымен жанжалдасып, ашуға булыққан күйі кейуанының басы мен денесін жұдырықтап, аяғымен тепкілеген. Қария жабық бас-ми жарақатын алған: миы шайқалып, оң көзінен жарақат алып, бүйір қабырғасы, бет сүйегі сынған, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Бет-аузы көгеріп, оң жақ кеуде қуысы сынған. Бел омыртқасына зақым келген.

Қатыгездің кінәсі жәбірленушінің, куәгер болған көршілердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.Прокурор айыпталушыға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және талап-арыздарды толық қанағаттандыруды сұрады.

Ал қорғаушы тарап бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұраған болатын.

Алайда сот оның жеке басын, кінәні жеңілдететін және ауырлататын жағдайдың жоқтығын, кінәсін мойындамағанын және жасаған ісіне өкінбегенін, жақын адамына — өз анасына дене жарақатын салғанын ескере отырып, бұл бап бойынша қатал жаза кесуді шешті.

«У.-ға 2024 жылғы 23 қыркүйектегі сот үкімімен орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Талап-арыздар толық қанағаттандырылып, 1 000 000 теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу сомасы, сондай-ақ адвокаттарға төленген шығын өндірілді», — деп мәлімдеді Қарағанды қаласы Қазыбең би аудандық сотының баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары