«Болашақ» стипендиаттарына қанша қаражат жұмсалады

23 қыркүйек 2024 16:58 / Новости Казахстана

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарын оқытуға бөлінген бюджет қаражатының сомасын атады. Орталық мәліметіне қарағанда, оқыту құны білім бағдарламасына, баратын елге және таңдалған мамандыққа байланысты өзгеріп тұрады. Сонымен қатар, қаржыны есептеу кезінде университеттің рейтингі, оның орналасқан жері, бағдарламаның ұзақтығы да маңызды рөл атқарады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Орта есеппен бір стипендиатқа магистратура бағытында шамамен 10-15 млн теңге және докторантураға 20-25 млн теңге жұмсалады. Оның ішінде оқу ақысы, шәкіртақы, әуе көлігімен сапарлау ақысы және басқа да соған байланысты шығындар қамтылған», - делінген орталықтың Kazinform агенттігіне берген жауабында.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылы 5 қарашада құрылып, бір жылдан кейін алғашқы қазақстандық студенттер оқуға барды. 30 жыл ішінде 12 731 адам диплом алды, яғни орта есеппен жылына 425 адам оқуын тәмамдап тұрды. Кейінгі бірнеше жылда 2607 адам оқуын аяқтады.

Қазіргі кезде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 939 қазақстандық білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі магистратурада – 704 адам. Ал докторантурада 133 болса, тағы 102 адам тағылымдамадан өтуге барды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қыркүйек айының басында шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 150 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегер атанды.

Серіктес жаңалықтары