Астанада Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқау өтеді

9 тамыз 2024 14:50 / Новости Казахстана

Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқауына қатысуға әлемнің түкпір-түкпірінен вокалистер шақырылады. 2024 жылғы қыркүйекте Астанада аты аңызға айналған әнші Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық байқау өтеді. Бұл ауқымды мәдени шара ұлы орындаушының шығармашылығын насихаттауға, сондай-ақ ұлттық және әлемдік мәдениет пен өнердің үздік дәстүрлерін жаңғыртуға, дамытуға бағытталған. Байқау талантты жас вокалистерді әлемге танытып, оларды қолдау үшін маңызды алаңға айналады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Байқауға республикалық, халықаралық және телевизиялық вокалдық конкурстардың қатысушыларын, сондай-ақ мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының студенттерін қоса алғанда, 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы вокалистер шақырылады.

Өтінімдерді 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін қабылдайды.

Байқаудың ерекшелігі – Роза Бағланованың репертуарындағы бір әнді міндетті түрде орындау. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға қазақтың ұлы әншісінің мұрасымен танысып, халықаралық сахнада өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді.

Байқау ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Сондай-ақ әр елдің вокалистеріне өз талантын көрсетіп, мәдени мұраны сақтау мен дамытуға үлес қосуға бірегей мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары