Биылғы көктем. Қазгидромет болжамы
«Қазгидромет» РМК мамандары наурыз-мамыр айларына арналған ауа райы болжамын жариялады. Қазақстанда 2024 жылғы көктем айларына арналған маусымдық ауа райы болжамы қандай, - деп хабарлайды Arbat.media.
Наурызда солтүстік облыстарында қыс мезгіліндегідей суық ауа райы күтіледі, қар жиі жауып, бұрқасын болады. Жер көктайғақ болып, тұман түседі деп болжанады. Ауа температурасы түнде минус 15-25°С-қа түсіп, аяз болады.
Солтүстік, орталық және шығысында бірінші онкүндікте ауа температурасы күндіз 2-7°С көрсетіп, жылымық сезіледі. Айдың үшінші онкүндігінде ауа температуры 5-15°С-қа көтеріледі.
Ал оңтүстік, оңтүстік-батыс өңірлерінде наурызда жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) жиі болады. Ауа температурасы түнде 0,-10°С-тан +3+8°С-қа дейін, күндіз 0,+10°С-тан +10+18°С-қа дейін көтерілуі байқалады.
Наурызда бір айдағы орташа ауа температурасы елдің басым бөлігінде нормаға сай, елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары, Қазақстанның оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс бөлігінде нормаға шамаласады.
Сәуір және мамырда ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болады деп күтілуде, тек мамырда елдің солтүстік-батыс жартысында температуралық фон нормаға шамалас болады.
Сәуірде елдің басым бөлігінде жауын-шашын климаттық нормаға сәйкес, солтүстік-батыс аймағында нормадан аз, елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығысының таулы аймақтарда нормадан жоғары болады.
Мамырда жауын-шашын мөлшері нормаға сәйкес болады деп болжанып отыр.