Отандық оқулықтардың сапасы қандай
Фото: Алматыкітап
Almatıkitap
Қазақстан жаңалықтары14 қыркүйек 2024, 12:00

Отандық оқулықтардың сапасы қандай

Қазір баспалар да, балама оқулықтар да самсап тұр. Солардың арасынан оқытуға оңай, көңілге қонымдысын таңдау ұстаздарға қиындық тудырып отыр. Сондықтан тәуелсіз сарапшылар отандық оқулықтардың мазмұнын қарауға кіріскен. Сарапшының сөзінше, «іздегенге табылған» дегендей, әлеуметтік желілердің бірінен Алматы қаласында бастауыш және мектепке дейінгі білім беретін мемлекеттік және жекеменшік нысандардың басшылары мен әдіскерлеріне арналған «Білім берудегі оқу-әдістемелік кешендерге енген жаңа өзгерістер мен толықтырулармен таныстыру» іс-шарасының жоспарланғаны жөніндегі хабарлама көзге түскен, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ол еліміздегі ірі баспалардың бірі «Алматыкітап» баспасының Абай атындағы Кітап үйінде орайластырылған. Келген бетте семинарға жиналған педагогтердің қарасы қалың екені байқалды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Соған қарағанда, жаңа оқулықтарға деген қызығушылық ұстаздарда да бар сыңайлы. Бұл жайт, яғни жауапты тұлғалардың өз ісіне деген көзқарасы қуантады.

Іс-шара барысында интерактивті тақтадан баспаның 2024–2025 оқу жылына арналған Оқу-ағарту министрлігі бұйрығымен бекітілген оқу-құралдарының мазмұны суреттелген презентациялық материалдар көрсетілді. Оқулық авторлары бірінен кейін бірі мінбеге көтеріліп, өздері жасаған оқу-құралдарының мазмұны мен артықшылықтарына жіті тоқталып, бала тәрбиесі мен тәліміне қатысты өзекті тақырыптарға ойысты. Баланы оқытудағы кәсіби әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Осы орайда, баспа оқулықтарының авторлары профессорлардан, ғылым кандидаттары мен өңірлік мектептердегі үздік ұстаздардан құралатынын айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, оқулықтарда ілім де, ғылым да, әдіс пен тәжірбие де бар.

«Алматыкітап баспасы» әзірлеген «Еңбекке баулу», «Цифрлық сауаттылық» пәндерінің оқулықтары көпке ұнады. Өйткені бұл кітаптарда ұлттық құндылықтарды дәріптеуге аса көңіл бөлінген. Оқулықтардың әр беті, әрбір тапсырмасы – ата-бабаларымыз салған сара жол. Мәселен, Қазақстанның халықтық қолданбалы өнері негізінде 3-5 жас аралығындағы балаларға арналған оқу-әдістемелік кешенде «Киіз басу», «Асық» дамытушы курс ретінде кіріктірілген.

Сурет салу кезінде жүннің ерекшеліктерін түсіндіре отырып, жүннен ширатылған жіптерді қатты қыспай дұрыс ұстай білу, түрлі түсті боялған жүнді қолдана білу, басқа түске араластырмас бұрын жақсылап дайын композицияны қолдануды және оларды кептіру жолдарын үйрену, бір заттың немесе түрлі заттардың суретін салуды қайталай отырып, қарапайым сюжеттік композициялар жасауды меңгеру, тұтас қағаз парағына бейнені орналастыру, қызыл, сары, жасыл, көк, қара, ақ сияқты негізгі түстер мен олардың реңктерін (қызғылт, көгілдір, сұр) қолдану, қазақ ою-өрнектерінің қарапайым элементтерін қайталап салуға баулу, сондай-ақ жеке заттармен қатар бірдей заттарды да қайталап салу қамтылған. Бұл – өскелең ұрпақтың қоршаған ортаның әсемдігін сезіне білуіне, сонымен қатар қазақ халқының және басқа да халықтардың өнер туындыларына, киіз үй жабдықтарына, тұрмыстық заттарға, сәндік-қолданбалы өнерге деген қызығушылығын дамытуға үлес қосады.

Сондай-ақ бүкіл оқулықтарға аудио және визуалдық материалдары бар OR-кодтар мен ұстаздарға қажет қысқамерзімді жоспарлар да енгізіліпті. Бұны баспа оқулықтарының басты артықшылығы деуге болады.

Семинар соңына таман қағаз оқулықтармен қатар TopIQ.kz білім беру платформасы туралы да түсініктеме жұмыстар жүргізілді. TopIQ.kz платформасында 147 электрондық оқулық, мектепке дейінгі білім беру құралдары жəне көркем əдебиет орналастырылған.

Интерактивті тапсырманың бəрі логикаға, оқушылардың креативті ойлауы мен есте сақтау қабілетін шыңдауға лайықталған. Қосымша платформаға биылдан бастап жасанды интеллект модельдері негізінде «Qamqor» атты көмекші құрал кірістіріліпті. Жасанды интеллект оқушыларға сабақ барысында өздері жіберген қателерін түсініп, оны қайта түзетуіне, сондай-ақ күрделі тақырыптарды тереңірек зерттеу үшін қосымша ресурстарды ұсына отырып, бірден кері байланыс жасауына мүмкіндік береді.

 

оқулықтар сапа

Тақырыпқа жаңалықтар