Президент сыйлығы: Қарағанды облысындағы Оқушылар сарайы мен мәдениет үйіне жаңа автобустар берілді

17 тамыз 2024 0:56 / Новости Казахстана
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандыдағы «Кәусар» оқушылар сарайына және Нұра ауданы Шахтер ауылындағы Мәдениет үйіне автобустар сыйға тартты. Көліктер Саран қаласындағы QazTehna зауытында шығарылған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратты. 

– Мемлекет басшысы біз үшін тосын сый жасады. Біз бұл көлікпен конкурстарға, концерттерге, экскурсияларға және басқа да іс-шараларға барамыз. Оқушылар сарайы Пришахтинск ықшамауданында орналасқан. Өзіміздің көлігіміз болмағандықтан, балалармен қала орталығына бару қиын еді. Көлік бізге аса қажет еді. Сондықтан бұл біз үшін өте бағалы әрі қажет сыйлық. Біз өте ризамыз, – деді «Кәусар» оқушылар сарайының директоры Әйгерім Исбекова.

Нұра ауданы Шахтер ауылының мәдениет үйінде де бұрын-соңды өз автобусы болған жоқ. Сондықтан Президенттің тартуы олардың да мұқтажын өтеді.

– Енді біз осы көлікпен конкурстарға алаңсыз бара аламыз. Қуаныштымыз. Ауылымыздың мәдениет үйінде жеті көркем өнерпаздар ұжымы жұмыс істейді Жүзге жуық жастар мен жасөспірімдер шығармашылықпен айналысады, – деді Нұра ауданы мәдениет үйінің директоры Әділбек Құмар. – Сонымен қатар Шахтер ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Бұл автобусты жарысқа баратын спортшыларымыз да пайдаланады.

Мемлекет басшысы 14 тамызда Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған болатын. Сапар барысында ол өңірдегі өнеркәсіп және индустриялық кәсіпорындардың, әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Пришахтинск ықшам ауданында жаңадан ашылған Оқушылар сарайын, сондай-ақ Нұра ауданы Шахтер ауылындағы жақында ғана жөндеуден өткен Мәдениеті үйі мен Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аралап көрді.

Серіктес жаңалықтары