Сотталған білім бөлімінің басшысына тағы бір айып тағылды

7 желтоқсан 2023 12:00 / Новости Казахстана

Пара алғаны үшін сотталған Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Айбек Алдановқа тағы бір эпизод бойынша айып тағылып, оның жазасы ауырлады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ырғыз аудандық сотында Айбек Алдановқа қатысты екінші іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, аталған ауданның білім бөлімінің басшысы тексеру жұмыстарын жүргізген «Ақтөбе облысының еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті» РММ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Асқар Мұхитовқа 25 мың теңге пара берген. А.Мұхитов білім бөлімі ғимаратында пандус және тактильді белгілер жоқтығын анықтаған. Параны осы фактіні жасырып қалу үшін алған.

Бұған дейін ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен жүрген А.Мұхитов Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айыпты деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Сондай-ақ бұдан былай мемлекеттік қызметте, банк саласында еңбек ете алмайды.

Ал Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы А.Алданов Қылмыстық кодекстің «Пара беру» бабымен айыпты деп танылды. Сот 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Бұған дейін «Пара алу» бабымен сотталған ол Қылмыстық кодекстің 58-бабы 6-бөлігінің негізінде түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаны өтеуге қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесіне жолданады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары