Түркістанда 74 жастағы қария 45 келілік бөренені көтеріп таңғалдырды

4 қазан 2024 15:00 / Новости Казахстана
ФОТО: Фото: Түркістан облыстық мәдениет басқармасы

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Ордабасы ауданының мәдениет күндері өтіп жатыр. Этноауылда ұлттық құндылықтар насихатталып, спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Іс-шараны тамашалауға келген түркістандық 74 жастағы Шавкат Қажымұратов 45 келілік бөренені 10 рет көтеріп, дүйім жұртты таңғалдырды. Сондай-ақ ол кір тасын көтеру сайысына қатысып, жастармен күш сынасты. Жеңіс тұғырынан көрінген ақсақал арнайы марапатталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Іс-шарада арқан тарту, қазақша күрес, қол күрес, асық ату, қошқар көтеру, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар дәріптелді. Сонымен қатар ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік салаларының көрсеткіші мен өнімдерінен және «Ордабасы тартулары» атты ұлттық тағам көрмесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. 

«Темірлан» халық театры мен «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театры Алтыбақан маңында «Ақ сүйек» театрландырылған қойылымын көрсетті. Ордабасы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ордабасы» фольклорлық халық ансамблінің әуезді әндері мен дала сарынына айналған күйлері рухани-мәдени шараның сәнін келтірді. 

 

Серіктес жаңалықтары