Иран президенттігіне алғашқы әйел үміткер ретінде тіркелді
Иранның бұрынғы депутаты, ғалым Зохре Элахиан президент Ибрахим Раиси ұшақ апатынан қайтыс болғаннан кейін белгіленген кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркелген алғашқы әйел болды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл жайында Mehr агенттігінен хабарланды, - деп жазады Kazinform агенттігі.
— Ислам Иран аспанынан үміт нұры көрінді. Өз елімнің әйелдер қоғамының өкілі ретінде сайлау кеңсесіне құжаттарды тапсырдым, — деп жазды Элахиан өзінің X парақшасында.
Үш күнде президент сайлауына қатысуға 17 адам өтініш білдірген.
Олардың арасында парламенттің бұрынғы басшысы Әли Лариджани, Орталық банктің бұрынғы басшысы Абдул Насыр Хеммати, Ислам революциясы Сақшылар корпусының бұрынғы қолбасшысы генерал Вахид Хагганян, Тегеран мэрі Алиреза Закани және Иранның рухани жетекшісі Аятолланың Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесіндегі өкілі Саид Джалили бар.
Иран парламентінің қазіргі алты мүшесі және бұрынғы бес мүшесі де сайлауға түскісі келетінін білдірген.
Үміткерлерді тіркеу 30 мамырда басталып, 3 маусымға дейін жалғасады.
4 маусымнан бастап Конституцияны сақтаушылар кеңесі кандидаттарды бір апта бойы қарап, кандидаттың ел президенті лауазымына сай келетін-келмейтінін анықтайды.
Соңғы тізім 11 маусымда жарияланады.
Сайлау науқаны екі аптаға — 12 маусымнан 26 маусымға дейін жалғасады.
Сайлауға бір күн қалғанда «үнсіздік күні» жарияланады, бұл уақытта үгіт-насихат жұмысын жүргізуге тыйым салынады.
Президент сайлауы 28 маусымда өтеді. Екінші тур қажет болған жағдайда 5 шілдеге белгіленеді.
31 мамырда Иранның сайлауалды штабының өкілі Мохсин Ислами үш әйелдің «шартқа сай келмегені үшін» тіркелмегенін хабарлаған.