Ресей билігі ондаған еуропалық саясаткерлерге іздеу жариялады
Ресей билігі Эстония премьер-министрі Кая Каллас пен басқа ондаған еуропалық саясаткерлерге іздеу жариялады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Сонымен қатар, Эстонияның Мемлекеттік хатшысы Таймар Петеркопқа да іздеу жарияланған. Бұл туралы Ресей ІІМ іздеу деректер базасына сілтеме жасап Mediazona хабарлады.
Анықталғандай, Каллас пен Петеркопқа Эстониядағы кеңес жауынгерлеріне арналған ескерткіштерді қиратты деген айып тағылып отыр. Оларға Қылмыстық кодекстің баптары бойынша іздеу жарияланды, бірақ нақты баптары аталмаған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей билігі басқа мемлекеттің қазіргі басшысына қарсы алғаш рет қылмыстық іс қозғап отыр.
Бірнеше күн бұрын Каллас Австрияның Standard басылымына сұхбат беріп, онда Эстония Ресей армиясының шабуылынан қорықпайтынын мәлімдеді.
«Біз НАТО-дамыз. Бізде Солтүстік Атлантикалық келісімнің 5-бабы бар, онда бір елге жасалған шабуыл бәріне жасалған шабуыл болып табылады», - деді Эстония үкіметінің басшысы.
Бұл ретте Литваның мәдениет министрі Симонас Кайрис пен Латвия Сеймінің мүшелеріне Ресейде іздеу жарияланған болатын. Бұл да кеңестік ескерткіштерді бұзуға да қатысты екені айтылады.