Ресей ІІМ Эстония, Литва, Латвия, Польша саясаткерлеріне іздеу жариялады
Эстония, Литва, Латвия және Польшаның бірқатар саясаткерлері мен шенеуніктері Ресейде кеңес жауынгерлеріне арналған ескерткіштерді қиратып, бүлдіргені үшін іздеуге жарияланды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ресей Ішкі істер министрлігінің іздеу деректер базасында барлығы тоғыз саясаткердің аты-жөні жазылған карточкалар пайда болды, оның ішінде Эстония Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Эльмар Вахер мен елдің бұрынғы Сыртқы істер министрі Урмас Рейнсалу, - деп жазады «Коммерсант».
2023 жылдың қыркүйегінде Ресейдің Тергеу комитеті Эстония, Латвия, Литва, Польша және Украинадағы кеңес жауынгерлеріне арналған әскери қабірлерді, ескерткіштерді қирату немесе зақымдау бойынша 143 фактімен 16 қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер 170 шетел азаматын сырттай айыптап отыр.
Айта кетсек, Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі басталғаннан кейін Балтық жағалауы елдерінде, Польша мен Украинада Кеңес Одағы кезінде орнатылған ескерткіштерді бұза бастаған.
2024 жылдың ақпанында Ресей Эстония премьер-министрі Кайя Каллас пен басқа да бірнеше еуропалық шенеуніктерді кеңестік дәуірдегі соғыс ескерткіштерін бұзғаны үшін іздеу жариялады.
Тізімде, атап айтқанда, Эстонияның Мемлекеттік хатшысы Таймар Петеркоп, Литваның Мәдениет министрі Симонас Кайрис, сондай-ақ Польшаның Ұлттық естелік институтының жетекшісі Карол Навроцки бар.