Русь мемлекеті Ордаға салық төлеп тұрған – Владимир Путиннің Такер Карлсонға сұхбатынан
Ресей Президенті Владимир Путин америкалық журналист Такер Карлсонға сұхбат берді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Кремль сайтында жарияланған осы сұхбаттың қызықты тұстарын Kazinform агенттіг жариялады.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған сұхбат негізінен Украинаға қарсы соғыс, жанжалды реттеу келешегі, НАТО-ның кеңеюі, «Солтүстік ағын» газ құбырының жарылуы сынды өзекті тақырыптарды қамтиды.
Дегенмен, сөз басында РФ Президенті Ресейдің құрылу тарихына кеңінен тоқтала келе Русьтің Ордаға салық төлеп тұрғанын мойындайды.
«…Мұның бәрі біріге бастаған біртұтас мемлекеттің — Русьтің ыдырауына алып келді. Мұнда тұрған айрықша ештеңе жоқ, дәл осындай жайт Еуропада да болды. Бірақ ыдыраған Русь мемлекеті кезінде Шыңғыс хан құрған империяның оңай жемтігіне айналды. Оның мұрагері Батый хан Русьқа келіп, іс жүзінде бүкіл қаланы тонады, ойрандады. Киев, өзге де бірнеше қала орналасқан оңтүстік бөлігі дербестігін жоғалтып алса, солтүстік қалалар егемендігінің бір бөлігін сақтап қалды. Ордаға салық төлеп тұрды. Дегенмен, егемендігін жартылай сақтай алды», — деді Владимир Путин.
Эван Гершкович және Украина жайында
Мұнай кейін «америкалық арнаулы қызмет» мүддесіне жұмыс істегені үшін Ресей Федерациясы аумағында тұтқындалған The Wall Street Journal журналисіне қатысты жайт қозғалған.
Владимир Путин Ресей тұтқын алмасуға дайын екенін атап өтеді.
«Іс жүзінде серіктестеріміздің тарапынан қарсы қозғалыс болған кезде мұны жасай алатынымызды жоққа шығармаймын. Мен „серіктестер“ дегенде, ең алдымен арнаулы қызмет өкілдерін меңзеп отырмын. Олар бір-бірімен байланыста және осы тақырыпты талқылайды. Бізде бұл проблеманы шешпеу керек деген тыйым жоқ. Оны шешуге дайынбыз. Бірақ, ол жерде арнаулы қызметтер арасындағы серіктестік арналар арқылы талқыланатын нақты шарттар бар», — деді Ресей Президенті.
Украинадағы жағдай жайлы айта келе Владимир Путин Ресейдің еш уақытта келіссөзден бас тартпағанын сөз етеді. Ол ертелі-кеш жанжалдың бейбіт аяқталатынына әрі екі ел арасындағы байланыстың қалпына келетініне сенімді.
Оның атап өтуінше, Мәскеу мен Киев келіссөз барысында екі жақ үшін оңтайлы келісім жасауға шақ қалған. Алайда, Украина Президенті Владимир Зеленский түптеп келгенде ойынан айнып қалды.
«Украинадағы жанжалдың қалай аяқталатынына қарамастан әлем өзгеріске ұшырайды», — деді Ресей Президенті.
Фашизм қалдығын құрту жайында
Сонымен қатар Владимир Путин Ресейдің Украинада Гитлермен ымыралас болғандарды ұлттық батыр жасауға ұмтылысты болдырмауға тырысатынын сөз қылды.
«Осы теория мен тәжірибені өмірде қалдырып, оны сақтауға тырысатын адамдардан құтылу қажет. Нацизмді жою дегеніміз осы. Ыстанбұлда бұл жайында уағдаластыққа қол жетті», — деді ресейлік көшбасшы.
«Солтүстік ағын» жайында
Оның сөзіне қарағанда Ресей «Солтүстік ағын» газ құбырындағы жарылысқа қатысты өз еректерін әлемге ұсынбайды. Өйткені, «үгіт-насихат соғысында Құрама Штаттарды жеңу өте қиын».
«Бұл жұмысқа қатысуға болады. Бірақ, бұл өзіңе қымбатқа түседі. Онсыз да не болғаны бүкіл әлемге түсінікті», — деді Путин.
Ядролық соғыс қаупі жайында
Сұхбат барысында америкалық тілші Владимир Путиннен «Украина жанжалы жаһандық ядролық соғысқа алып келеді деп қорықпайсыз ба?» деп сұрады.
Бұл сауалға ол ақылды адамдар мұның фейк екенін жақсы түсінетіндігін айтып, жауап берді.
Илон Маск жайында
Сондай-ақ сұхбат барысында өнертапқыш әрі бизнесмен Илон Маск төңірегінде де әңгіме өрбіді.
«Қазіргі уақытта Илан Маск АҚШ-та қандай да бір адамның миына чип енгізді деп айтып жүр. Меніңше, Маскті тоқтау мүмкін емес. Ол қалай болғанда да өзі қажет деп санаған ісін жасайды. Дегенмен, онымен қалай болса да келісу қажет, оның көзін жеткізудің қандай да бір әдісін іздеу керек. Қалай дегенде де бұл процесті заңдастыру, қандай да бір ережеге бағындыру үшін онымен уағдаластыққа қол жеткізген жөн», — деді ол.
Владимир Путин Маск жобасын адамзат үшін жанама қатер деп атады. Өйткені, ол әскери салада да қолданылуы мүмкін.
Минск келісімі жайында
Әңгіме Минск келісіміне ойысқанда Путин Ресейдің Минск келісіміндегі өз бөлігін орындауға дайын екендігін айтты.
«Біз бұл процесті шұғыл тоқтату, Минск келісімінің орындалуы үшін Құрама Штаттардың, еуропалық елдердің басшыларына жүгіндік. Ашығын айтқанда, мұны қалай істейтінімізді білген жоқпын. Бірақ, орындауға дайын едім», — деді РФ Президенті.
Ол келісім Киев үшін күрделі болғанын айтады. Донбас үшін көптеген тәуелсіздік элементтері көзделген.
Қытаймен ынтымақтастық жайында
Такер Карлсон Қытаймен қарым-қатынасқа тоқталып, «одан қорқу қажет пе?» деп сұрады. Путин мұндай пайымға негіз жоқ екенін атап өтті.
«Қытаймен ынтымақтастық Ресей үшін қауіпті делінген мәлімдемелер бос үрейден басқа дым да емес. Еуропа мұнан да тығыз ынтымақтастықта. Еуропалықтардан сұраңыз, олар қорықпай ма екен?» — деді Путин.
Ресейдің НАТО-ға кіруі жайында
Ресей Президенті Мәскеу НАТО-ға кіру мүмкіндігіне қызығушылық танытып, Вашингтонға зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін бірлесіп жасауға ұсыныс жасағанын жеткізді.
Айтуынша, бұған АҚШ президенттері қолдау білдіргенімен олардың әкімшіліктері бас тартып отырған.
«Түптеп келгенде бізді мұнан ары сырғытып тастады. Біз тіпті құрлықаралық қашықтықтағы гипердыбыстық жүйе жасадық әрі оны дамытуды жалғастырып жатырмыз. АҚШ Ресейге үнемі қысым көрсетті. Өйткені, Құрама Штаттарда Кеңес одағымен күрес бойынша мамандар тым көп. Шартты түрде айтсақ, шамадан тыс өндірістік қуат жасалған. Бұдан арылу қажет. Болашаққа қарайтын, әлемде не болып жатқанын түсінетін жаңа күш болуға тиіс», — деді РФ басшысы.
Экономика жайында
Сұхбат барысында Владимир Путин рекордтық көлемдегі санкцияға қарамастан Ресей әлемдегі бесінші, ал сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша Еуропада бірінші экономикаға айналғанын баса айтты.
«Бізге өте көп санкция салынып отыр. Дегенмен, қазіргі уақытта АҚШ қолданып отырған құралдар жұмыс істемейді», — деді Владимир Путин.