Әлем2 қараша 2023, 10:32

Шошқаның жүрегін салдырған екінші науқас көз жұмды

АҚШ-та 58 жастағы Лоуренс Фосетт өзіне ота жасалғаннан кейін алты аптадан соң көз жұмды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ол – шошқа жүрегі салынған әлемдегі екінші науқас.

Бұл туралы Мэриленд университетінің медициналық орталығы хабарлайды. 

«Біз жүректің айықпас дертіне шалдығып, генетикалық түрлендірілген шошқа жүрегін трансплантациялау бойынша әлемде екінші ота жасалған 58 жастағы Лоуренстің қайтыс болғанын хабарлаймыз. 20 қыркүйекте ота жасатқан ол алты аптаға жуық уақыт өмір сүрді». 

Науқас медициналық орталыққа 14 қыркүйекте жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен түсті. Бастапқы кезде-ақ дәрігерлер оған дәстүрлі трансплантациялау әдістерімен ота жасауға болмайтынын мойындаған. Алайда 15 қыркүйекте АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы науқастың өмірін ұзартуға көмектесетін операцияға шұғыл түрде рұқсат берді. 

Университет науқастың жүрегі трансплантациялаудан соң бірінші айда өте жақсы жұмыс істегенін атап өтті. Кейін ол физиотерапиядан өтіп, қайтадан жүруді үйренуге тырысты. Дегенмен, дәрігерлер соңғы күндері оның бойынан жүректі қабылдамау белгілерін байқап, ақыры ол қайтыс болды. 

 

шошқа жүрек науқас өлім

Тақырыпқа жаңалықтар