Шылымды тастау ешқашан кеш емес
Торонто университетінің ғалымдары зерттеу нәтижелерін жария етті. Шылым шегуді тастаған адамдардың жасы нешеде болса да, денсаулығы айтарлықтай жақсарып, ұзақтау өмір сүреді. Ал 40 жасқа дейінгілердің ғұмыр жасы тіпті ұзарады. Ғалымдар осындай тұжырымға келді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Зерттеу NEJM Evidence сайтында жарияланды, - деп жазады Tanym Media телеграм арнасы.
“Шылымнан бас тарту денсаулықты жақсартуда өте тиімді, оның жемісін көп ұзамай көре аласыз" дейді ғалым Прабхат Жа.
Зерттеуге АҚШ, Ұлыбритания, Канада мен Норвегиядан 1,5 миллион адам қатысқан. Олардың денсаулығы 15 жыл бойы бақылауда болған.
40-79 жас арасындағы шылымқорларда аяқ асты өлім қаупі басқаларға қарағанда 3 есе жиі. Олар ешқашан шылым шекпегендерден 12-13 жыл ерте қайтады.
Шылым шегуді неше жаста қойса да денсаулыққа пайдалы.
Егер адам ең болмаса 3 жыл темекі шекпесе, оның өмірі шамамен 6 жылға ұзарады.
”Кейбір адам орта жастан асқан соң шылымды тастау кеш қой деп ойлайды. Бұл қате. Ешқашан кеш емес, әсерін жылдам сезінесіз, көп аурудың алдын аласыз, шылымсыз сапалы өмір сүресіз” - дейді доктор Жа.