11-сынып оқушысы жасөспірімді ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
11-сынып оқушысы 14 жастағы жасөспірімді ұрып өлтірді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Оқиға Алматы облысы Талғар ауданында болған.
Жасөспірім кешкі уақытта қатарластарымен кезіккен. Бейнебақылау камерасына түскен жазбадан марқұмның қатарластарымен қол алысып, амандасқанын көруге болады. Видеода күдік тудыратын ештеңе байқалмаған. Десе де дәл осы кездесуден кейін жасөспірім ес-түссіз жатқан күйде табылған.
Марқұмның әкесінің сөзінше, баласы 21:30-да үйге келе жатырмын деген. Кешіккен соң хабарласса, телефонды бөгде әйел алып: "Балаңыз есік алдында талып жатыр" деген. Олар жасөспірімді ауруханаға жеткізіп, бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Марқұм 17 күн сонда жатып, қаза тапқан.
Әкесінің айтуынша, бір топ жасөспірім ұлын дүкеннің артындағы, бейнебақылау камерасы жоқ тасалау жерде соққыға жыққан. Сосын денесі мен топыраққа тамған қан ізін жуып, тазалап тастаған. Ал баланы "абайсызда құлап қалды” деп айтқан.
Марқұмның жақындары бұл сөзге сенген. Алайда бір күн өткен соң жасөспірімнің жағы ісіп, көгере бастаған. Дәрігерлер де соққының іздері бар екенін айтқан. Осыдан кейін полиция 11-сынып оқушысын қамауға алған. Қазір қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр.