Айзат Жұманованың ісі: Ер адам мас күйінде ұрып-соққан әйелін ауруханаға өзі алып барған
Биыл шілдеде Жетісу облысының Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманова ауыр соққы мен азаптау салдарынан көз жұмды. Талдықорған сотында марқұм келіншектің өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Arbat. Media.
Тергеу дерегінше, ерлі-зайыпты Айбар Жанболатпен Айзат Жұманова бір-бірінің телефонын сындырып тастап, 15 күн телефонсыз жүрген. Осы аралықта екеуі бір-бірімен сөйлеспеген.
Сотталушы Айбар Жанболат 22 маусымда мас болып, әйелі Жұманованы өлтіруді ойлап, оны далаға шығарып, ұрып-соққан. Сол кезде Жұманова айғайлап, ұрмауын өтінген. Күйеуі әрекетін тоқтатпай, әйелдің басынан ұрып, оны есінен тандырып тастаған.
Кейін ер адам өлімші етіп сабаған әйелін ауруханаға өзі алып келеді. Ауыр жарақат алған Айзат Жұманова Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізілген. Алайда ол реанимация бөлімінде көз жұмды.
Айбар Жанболатқа Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша «Кісі өлтіру» бабы тағылып отыр.